Әлихан Бөкейханов – ұлттық идеяның темірқазығы

Ұлт тарихын зерделеу, Алаш қайраткерлерінің мұрасын кеңінен насихаттау және жастардың тарихи санасын қалыптастыру – кітапханалардың маңызды мәдени-ағартушылық бағыттарының бірі. Осы мақсатта, Қосмезгіл ауылдық кітапханасында қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай «Алаш көсемі – ұлттық идеяның негізін қалаушы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – оқырмандарды Әлихан Бөкейхановтың өмір жолымен, қоғамдық-саяси қызметімен, ғылыми еңбектерімен және ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресімен таныстыру, сондай-ақ жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыру.

Әлихан Бөкейханов – қазақ халқының азаттығы мен мемлекеттілігі жолында күрескен тарихи тұлға, ұлттың рухани жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан көреген қайраткер. Оның ағартушылық қызметі, ұлттық бірлік пен білімге негізделген көзқарасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаш қайраткерінің елге қызмет ету, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қою жөніндегі тағылымды ойлары жас ұрпаққа үлгі болып келеді.

Көрме барысында оқырмандар назарына Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, Алаш қозғалысының тарихын баяндайтын ғылыми еңбектер, мерзімді басылымдар мен тарихи-танымдық әдебиеттер ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері әрбір басылымға жан-жақты шолу жасап, Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамының дамуына қосқан үлесі туралы мазмұнды мәліметтер берді.

Мұндай мәдени-танымдық іс-шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, кітап оқу мәдениетін дамытуға, мемлекеттік тілдегі тарихи әдебиеттерге қызығушылықты арттыруға және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Қосмезгіл ауылдық кітапханасы алдағы уақытта да ұлттық тарихты, рухани мұраны және қазақ әдебиетін дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, оқырмандардың тарихи танымы мен рухани дүниесін байытуға өз үлесін қоса береді.

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – Әлихан Бөкейханов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *