Жаңа оқу жылы қарсаңында Сауран ауданында дәстүрлі «Мектепке жол – 2026» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Акция 2026 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында ауданның барлық білім беру ұйымдарында өткізіледі.
Акцияның негізгі мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балалардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына қолдау көрсету, олардың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының балалардың құқықтарын қорғау, білімнің қолжетімділігін арттыру және өскелең ұрпаққа жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылып отырған бұл игі бастама қоғамдағы мейірімділік пен өзара жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Акция барысында оқушыларға мектеп формасы, оқу құралдары, мектеп сөмкесі, аяқ киім және басқа да қажетті заттар түрінде қайырымдылық көмегі көрсетіледі. Әрбір көрсетілген көмек – баланың білімге деген ынтасын арттырып, оның жарқын болашағына жасалған маңызды инвестиция.
Сауран ауданының білім бөлімі аудан тұрғындарын, кәсіпкерлерді, мекеме басшыларын, демеушілерді және барлық жанашыр азаматтарды «Мектепке жол – 2026» республикалық қайырымдылық акциясына белсенді қатысуға шақырады.
Бірлескен игі ісіміз арқылы әрбір баланың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуына мүмкіндік жасайық.
Балаға көрсетілген қамқорлық – ел болашағына салынған инвестиция
