Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, педагогтердің кәсіби және рухани дамуын қолдау бағытындағы игі бастамалардың бірі – «12 айда – 12 кітап оқу» жобасы. Бұл жоба ұстаздардың әдеби шығармаларды жүйелі оқып, мазмұнын саралау арқылы рухани дүниесін байытуына, тарихи санасын қалыптастыруына және кәсіби тәжірибесін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Осы жоба аясында, Сауран ауданындағы Т.Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің педагогтері шілде айында көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романын оқып, шығармада көтерілген тарихи және әлеуметтік мәселелер төңірегінде мазмұнды пікір алмасты.
«Ақ боз үй» романы – қазақ халқының ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңдерінің бірі – 1931–1933 жылдардағы ашаршылық қасіретін көркем тілмен бейнелеген тағылымы мол шығарма. Автор сол дәуірдегі халықтың қайғы-қасіретін, тағдыр тауқыметін, ел басына түскен ауыр сынақты шынайы суреттей отырып, оқырманды өткен тарихтан сабақ алуға, ұлттық жадыны сақтауға үндейді.
Кітапты талқылау барысында, педагогтер романның көркемдік ерекшелігіне, тарихи оқиғалардың әдеби шығармадағы көрінісіне, кейіпкерлердің тағдыры арқылы берілген ұлттық құндылықтарға және шығарманың бүгінгі қоғам үшін тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, тарихи тақырыптағы шығармаларды оқу оқушылардың ел тарихын терең тануына, ұлттық сана мен патриоттық рухтың қалыптасуына ықпал ететіні айтылды.
Білім беру саласындағы жаңашыл бастамаларда педагогтердің үздіксіз ізденісі мен өзін-өзі дамытуына ерекше мән беріледі. Осы тұрғыдан алғанда, «12 айда – 12 кітап оқу» жобасы ұстаздардың оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтіп, әдеби талдау жасау қабілетін арттыруға және оқу-тәрбие үдерісінде көркем әдебиетті тиімді пайдалануға жол ашады.
Мұндай жобалар мектептерде кітап оқуды насихаттауға, мемлекеттік тілдегі көркем әдебиетке қызығушылықты арттыруға және ұлттық рухани мұраны дәріптеуге зор үлес қосады. Кітаппен дос болған ұстаз ғана шәкірттің бойына білімге құштарлық пен рухани құндылықтарды сіңіре алады.
Кітап оқу – өткенді танудың, бүгінді бағалаудың және болашаққа сеніммен қадам басудың сенімді жолы. Ал, кітап оқитын педагог – білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі.
