Кітап оқу мәдениетін дамыту – ортақ міндет

Қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырмандардың сұранысын зерделеу және кітапхана қызметінің сапасын жетілдіру – бүгінгі мәдени-ағартушылық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Сауран аудандық кітапханалар жүйесі тұрғындар арасында «Кітап оқу» тақырыбындағы онлайн сауалнаманы бастады.

Сауалнама кітапхана оқырмандарының пікірін тыңдап, олардың қызығушылықтары мен сұраныстарын анықтауға, кітапхана қорын жетілдіруге, жаңа жобаларды жоспарлауға және заманауи талаптарға сай мәдени қызметтерді дамытуға бағытталған.

Бүгінде кітапханалар дәстүрлі кітап оқу ордасы ғана емес, ақпараттық технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, оқырманға қолайлы қызмет көрсететін заманауи мәдени орталықтарға айналып келеді. Онлайн сауалнама да осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. QR-код арқылы бірнеше минут ішінде сауалнамаға қатысуға болады, бұл тұрғындардың кітапхана қызметіне қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін еркін білдіруіне мүмкіндік береді.

Оқырманның әрбір пікірі – кітапхана жұмысының сапасын арттыруға, кітап оқу мәдениетін дамытуға және жаңа мәдени-ағартушылық жобаларды қалыптастыруға қосылған маңызды үлес. Сонымен қатар, мұндай бастамалар мемлекеттік тілдегі әдебиеттерге қызығушылықты арттыруға, жастардың кітаппен байланысын нығайтуға және қоғамда оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Сауран аудандық кітапханалар жүйесі барлық кітапсүйер қауымды онлайн сауалнамаға белсенді қатысуға шақырады. Бірнеше минут уақытыңызды бөліп, өз пікіріңізді білдіру арқылы кітапхана қызметінің дамуына және оқырманға қолайлы жаңа жобалардың жүзеге асуына үлес қоса аласыз.

Кітап оқитын қоғам – білімді қоғам. Ал, әрбір оқырманның пікірі – кітапхана дамуының маңызды бағдары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *