Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Сауран ауданындағы №2 жалпы білім беретін мектепте жүзеге асырылып жатқан «Жазғы демалыста кітап оқимыз» жобасы өз жалғасын табуда.
Жоба аясында оқушылар жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларын оқып, алған әсерлері мен ой-пікірлерін шығармашылық жұмыстар арқылы көпшілікке ұсынуда. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сөздік қорын молайтып, ұлттық әдебиет пен рухани мұраға деген құрметін қалыптастырады.
Жобаға қатысқан мектеп оқушысы Орынбасар Азамат қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» шығармасы мен Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын оқып, туындылардың мазмұнына жан-жақты талдау жасап, өз көзқарасын бейнеролик арқылы жеткізді. Бұл – оқушылардың оқыған шығармасын түсініп, оны саралап, өз ойын еркін жеткізе білу дағдысын қалыптастыруға бағытталған тиімді тәжірибе.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – білімді, ой-өрісі кең, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеудің маңызды тетігі. Сондықтан мұндай жобалар оқушылардың рухани дамуына, әдеби шығармаларға қызығушылығының артуына және оқу сауаттылығының қалыптасуына оң әсер етеді.
№2 жалпы білім беретін мектеп ұжымы барлық оқушыларды жазғы демалыс уақытын мазмұнды өткізіп, кітаппен дос болуға шақырады. Өйткені кітап – білімнің сарқылмас қазынасы, ал кітап оқитын ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы».
