Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән беріп келеді. Президент өзінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің барлық саласында орнығуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл қағидат – құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің берік негізі.
Балалардың амандығы мен қауіпсіздігі – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Өскелең ұрпақтың дені сау, білімді әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленуі – елдің орнықты дамуының маңызды кепілі. Сондықтан, мемлекет балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстарды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Осы мақсатта, «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі – 2026» бастамасы аясында Созақ аудандық орталық ауруханасында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара халықпен ашық байланыс орнатып, құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге, профилактикалық жұмыстарды күшейтуге бағытталды.
Аталған іс-шараға Созақ ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тобының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция майоры Айжан Манапова, «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның халықпен профилактикалық жұмыс маманы Манабаева Айжан, БАҚ және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маманы Тұрсынбай Айдана, сондай-ақ Созақ аудандық орталық ауруханасының психолог маманы Керімбай Айгүл Дүйсенбайқызы қатысып, тұрғындарға құқықтық және психологиялық кеңестер берді.
Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, заң талаптарын сақтау, психологиялық қолдау көрсету, мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгіну тәртібі және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі мәселе екенін атап өтті. Сондықтан, мұндай келеңсіздіктердің алдын алуда құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, әлеуметтік қызметтер, білім беру мекемелері және жергілікті қоғамдастықтың өзара үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие.
Іс-шара барысында азаматтардың жеке өтініштері тыңдалып, сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Қатысушыларға қолданыстағы заңнамалар, мемлекеттік қолдау шаралары, құқықтық қорғау тетіктері мен психологиялық көмек көрсету мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ұсынымдар берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталып келеді. Заң талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда балалардың қауіпсіздігі де, отбасының беріктігі де, қоғамдық тұрақтылық та нығая түседі.
Денсаулық сақтау саласының мамандары мұндай профилактикалық кездесулердің тұрғындардың психологиялық саулығын нығайтуда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда және әлеуметтік мәселелерді ерте анықтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Психологиялық қолдау мен құқықтық кеңес беру азаматтардың өз мәселесін уақытында шешуіне, қауіптің алдын алуға және мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Ал, қауіпсіз отбасы – қауіпсіз мемлекеттің негізі. Сондықтан, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау, аналарды қолдау және отбасы құндылықтарын дәріптеу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Созақ аудандық орталық ауруханасында өткен Ашық есік күні осы міндеттердің іс жүзінде орындалуына бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі болды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік мекемелерге деген сенімді күшейтіп, қоғамдағы өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Баланың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз балалық шағы – елдің жарқын болашағының кепілі. Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғам болып балалардың құқықтарын қорғауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
