Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты басымдықтардың бірі ретінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтардың денсаулығын нығайтуға және бұқаралық спортты жан-жақты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президент өз Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында еліміздің болашағы – дені сау, білімді әрі отаншыл жастардың қолында екенін айтып, әрбір елді мекенде балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін бірнеше мәрте атап өтті.
Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты мақсаты – қалалар мен ауылдар арасындағы даму алшақтығын азайтып, ауыл тұрғындарына да заманауи инфрақұрылымның игілігін қолжетімді ету. Осыған сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары жаңа деңгейге көтерілуде.
Түркістан облысында да Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары өңірде ондаған мектеп, емхана, мәдениет үйлері және спорт кешендері халық игілігіне беріліп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Шорнақ ауылында жаңадан салынған спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуімен құттықтап, бұл кешен Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі екенін атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде спорттың ұлт саулығын нығайтумен қатар, жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және елжандылыққа тәрбиелейтін маңызды құрал екенін айтты.
– Бүгін қасиетті Сауран жерінде тағы бір маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп отыр. Бұл – тек жаңа ғимараттың ашылуы емес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығына салынған инвестиция екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда өңірде 28 спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл тағы 9 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылады. Шорнақ ауылындағы кешен – солардың алғашқысы. Осы кешенде тәрбиеленген жастардың арасынан еліміздің көк Туын әлемдік ареналарда желбірететін чемпиондар шығатынына сенім мол, – деді Нұралхан Көшеров.
Шара барысында облыс әкімі жаңа спорт кешенін аралап, оның материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, жас спортшылармен кездесіп, олардың жаттығу барысын көріп, пікір алмасты.
Жаңа спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 733,6 миллион теңге. Бір гектар аумақта орналасқан кешен заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.
Мұнда баскетбол, бокс, қазақ күресі және тренажер залдары орналасқан. Спортшылардың сапалы дайындық жүргізуіне қажетті барлық жағдай жасалып, инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген.
Нысанның пайдалануға берілуі нәтижесінде 40 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалды. Бұл ауыл экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары халықаралық талаптарға сай келетін ондаған спорт кешені салынып, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортпен тұрақты айналысуына барлық мүмкіндік жасалуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті ұлт – ең алдымен дені сау ұлт» екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, халықтың денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі болып қала береді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарының бірі – еңбекқор, білімді, тәртіпті әрі елге қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл ретте спорт жастардың бойында жауапкершілік, табандылық, әділдік, өзара сыйластық және патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастыратын маңызды тәрбие мектебі болып саналады.
Президент бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидаты да спорт саласымен тығыз сабақтас. Себебі, спортпен тұрақты айналысатын жастардың құқық бұзушылықтан, зиянды әдеттерден алыс болып, қоғамның белсенді әрі жауапты мүшесі болып қалыптасуына мүмкіндік туады.
Ал, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы тек қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Ол дені сау қоғамды қалыптастыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және азаматтардың өмір сапасын арттыру идеясымен де үндеседі. Сондықтан, жаңа спорт нысандарының бой көтеруі осы бастамалардың мазмұнын толықтыра түсетін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады.
Шорнақ ауылындағы жаңа спорт кешені – Президент тапсырмаларының өңірде нақты іске асып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Бұл нысан ауыл тұрғындарының спортпен жүйелі айналысуына, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне және жаңа чемпиондардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да, Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып, елді мекендерде жаңа әлеуметтік нысандардың саны арта түседі. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, ұлт денсаулығын нығайтуға және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

