ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ: САУРАНДА ЕЛІМІЗДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды агроөнеркәсіптік державаға айналдыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Президент өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа өсім нүктесіне айналуы тиіс екенін атап өтіп, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін арттыру, экспорт көлемін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жөнінде Үкімет пен өңір әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – Сауран ауданында салынып жатқан еліміздегі теңдесі жоқ заманауи мал бордақылау кешені.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан ет өнімдері» ЖШС-нің құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Жоба жетекшілері өңір басшысына кешеннің құрылыс жұмыстары, өндірістік қуаты, технологиялық ерекшеліктері және болашақтағы өндірістік мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат берді.

Облыс әкімі құрылыс алаңын аралау барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және инвесторлармен пікір алмасты. Кездесуде мал шаруашылығын дамыту, өнім көлемін ұлғайту, қайта өңдеу өндірістерін көбейту, экспорттық әлеуетті күшейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау – өңірдегі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге, құрылыс сапасын қамтамасыз етіп, жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 1,3 миллиард теңге. Жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын кешен толық іске қосылғанда 5 мың бас ірі қара малды бір мезгілде бордақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған жоғары технологиялық өндірістік кешен жұмыс істейтін болады.

Кешен құрамында малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық, ветеринариялық қызмет көрсету орындары, жем-шөп сақтау қоймалары және басқа да өндірістік инфрақұрылым нысандары салынуда. Қазіргі уақытта әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталса, бордақылау алаңдары мен сою кешенінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Жобаның маңызды бөлігінің бірі – кешен аумағына жақын орналасқан «Муталиб Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын бордақылау алаңы. Бұл бастамаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландыру жоспарланған. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, ауылдағы өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына, жастардың туған жерінде еңбек етуіне және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың нығаюына оң әсер етеді.

Кешеннің басты ерекшелігі – барлық бордақылау алаңдарының бір өндірістік аймақта орналасуы. Мұндай жүйе ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуге, өндірісті тиімді басқаруға, инфрақұрылымды оңтайлы пайдалануға, шығындарды азайтуға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндірістің барлық кезеңі цифрлық технологиялар арқылы басқарылып, халықаралық сапа талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу деңгейін арттырудың маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстан тек шикізат өндіруші емес, дайын өнім экспорттайтын мемлекетке айналуы қажет екенін бірнеше мәрте айтты. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданындағы жаңа кешен өңірдің ет өндірісін ұлғайтып қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруге, экспорт географиясын кеңейтуге және Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде Президенттің Әділетті Қазақстанды құру, экономиканы әртараптандыру және өңірлердің инвестициялық әлеуетін күшейту жөніндегі стратегиялық бағытының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Сауран ауданында салынып жатқан бұл бірегей кешен – еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа кезеңнің бастауы. Жоба толық іске қосылғанда Түркістан облысының өндірістік әлеуеті артып, ет өндірісі бірнеше есеге ұлғаяды, экспорт көлемі өседі, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарады және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосылады. Бұл – Мемлекет басшысы белгілеген экономикалық реформалардың өңірлерде нақты нәтижесін беріп жатқанын айқын көрсететін маңызды инвестициялық жоба.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *