СӘБИ САУЛЫҒЫ – АНА ҚАМҚОРЛЫҒЫ МЕН ОТБАСЫ ҚОЛДАУЫНАН

Дүниежүзілік баланы емізуді қолдау апталығы аясында, Созақ аудандық орталық ауруханасының Ерте араласу және даму орталығының патронаж мейіргері Сымбат Атажанова «Отбасы қолдауы: әкелер мен жақындарының бала емізудегі рөлі мен көмегі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бала дүниеге келген сәттен бастап ананың жанында мейірім мен қамқорлыққа толы орта қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені, ана мен сәбидің денсаулығы бір-бірімен тығыз байланысты. Ал, бұл жауапкершілік тек анаға ғана жүктелмеуі тиіс. Сәбидің алғашқы күндерінен бастап әке мен отбасының қолдауы анаға сенім беріп, оның өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді.

Түсіндіру барысында бала емізу кезеңінде ананы қолдауда әкелер мен отбасы мүшелерінің атқаратын рөлі кеңінен сөз болды. Анаға күнделікті тұрмыстық жұмыстарда көмектесу, оның уақытылы демалуына жағдай жасау, дұрыс тамақтануына көңіл бөлу, жылы сөз айтып, психологиялық тұрғыдан демеу көрсету – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ана үшін аса маңызды қолдау екені айтылды.

Әсіресе, жас аналар үшін сәби күтімінің алғашқы кезеңі оңай бола бермейді. Ұйқының бұзылуы, жаңа міндеттерге бейімделу, баланың қажеттіліктерін түсінуге талпыныс – мұның бәрі анаға қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Осындай сәттерде отбасы мүшелерінің түсіністігі мен жанашырлығы ананың бойындағы сенімді арттырады.

Әкенің де бұл үдерістегі орны ерекше. Сәбидің күтіміне белсенді араласқан әке анаға үлкен моральдық қолдау көрсетіп қана қоймай, баламен эмоционалдық байланыстың қалыптасуына өз үлесін қосады. Бала тәрбиесі мен денсаулығы – ата-ананың ортақ міндеті екені түсіндіру жұмысы барысында ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, ана сүтінің нәресте денсаулығы үшін маңызы туралы айтылды. Ана сүті – сәбидің алғашқы кезеңдегі табиғи әрі құнды қорегі. Оның құрамындағы қажетті қоректік заттар баланың өсіп-жетілуіне және иммундық жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан, бала емізуге қолайлы жағдай жасау – отбасы үшін маңызды міндеттердің бірі.

Бала емізуді қолдау – тек медициналық мәселе емес, бұл отбасы мәдениеті мен қоғамның жауапкершілігін көрсететін маңызды бағыт. Ана өзін жалғыз сезінбеген кезде, жанында жақындарының қолдауы болғанда, сәби де мейірім мен жылуға бөленеді.

Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы тұрғындардың бала емізудің маңыздылығы туралы білімін арттырумен қатар, отбасындағы әке мен ана жауапкершілігін күшейту көзделеді.

Өйткені, дені сау ұрпақтың негізі – ана денсаулығынан басталады. Ал, анаға жасалған әрбір қамқорлық – сәби болашағына жасалған инвестиция. Бір ауыз жылы сөз, бір сәттік көмек, бір сәттік түсіністік жас ананың жігерін жанып, сәбиінің саулығына оң ықпал ететін үлкен қолдауға айналады.

Берекелі отбасы – мейірімді ана, қамқор әке және дені сау ұрпақтың алтын бесігі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *