Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуде азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауды, төтенше жағдайлардың алдын алуды және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент өз Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында табиғи апаттардың салдарымен күресуден бұрын олардың алдын алу жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Әсіресе, климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тиімді басқару, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқыны қаупі бар аумақтардағы қорғаныс жүйелерін жетілдіру – мемлекеттік органдар алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар іске асырылып келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, елді мекендерді табиғи апаттардың қаупінен сақтау, инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу.
Осы бағыттағы жұмыстар Сауран ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігі тарапынан су тасқыны қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, инженерлік қорғаныс құрылыстарын қалпына келтіру, су өткізу жүйелерін жақсарту және табиғи су арналарының өткізу қабілетін арттыру бойынша нақты шаралар қолға алынған.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі саналатын Жаңа Иқан ауылдық округінде қорғаныс құрылыстарын күшейту мақсатында ұзындығы 800 метр болатын дамбы қайта қалпына келтірілді. Бұл нысан көктемгі қар еруі мен нөсер жауын кезінде келетін тасқын судың екпінін тежеп, елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Ибата елді мекенінде таудан келетін тасқын суларды қауіпсіз бағыттау үшін ұзындығы 4,5 шақырым болатын қашыртқы арнасы қайта қалпына келтірілді. Қашыртқы арнаның жаңартылуы су ағынын тиімді реттеп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Шорнақ ауылдық округіндегі Тастақсай өзенінде су өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 2 шақырым аумақта механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Арна түбіндегі шөгінділер мен су қозғалысына кедергі келтіретін бөгеттер алынып, өзеннің табиғи ағысын қалпына келтіруге жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде көктемгі тасқын кезінде өзеннің арнасынан асып кету қаупін айтарлықтай азайтады.
Аталған жұмыстар тек бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, болашақтағы табиғи қауіптердің алдын алуға бағытталған ұзақ мерзімді инженерлік шешімдердің маңызды бөлігі болып табылады. Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су арналары мен қорғаныс құрылыстарын күтіп ұстау, қауіпті учаскелерді тұрақты бақылау – өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.
Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, бұл салада заманауи тәсілдерді енгізу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Бұл міндеттер елдегі азаматтық қорғау жүйесін жетілдіруге және табиғи апаттардың тәуекелін төмендетуге бағытталған.
Сауран ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады. Инженерлік нысандарды қалпына келтірумен қатар, жауапты мекемелер тарапынан гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізіліп, қауіпті аумақтар зерделенуде. Қажетті арнайы техника мен материалдық ресурстардың дайындығы да тұрақты назарда.
Алдағы уақытта аудан аумағында су тасқыны қаупін төмендетуге бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Су бұру арналары мен коллекторларды тазалау, дамбыларды күшейту, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру және гидротехникалық нысандарды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес іске асырылады.
Табиғи апаттардың алдын алу – бұл тек инженерлік міндет емес, ол халықтың әл-ауқатын арттыруға, елді мекендердің тұрақты дамуына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі. Сондықтан, Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға, төтенше жағдайлардың тәуекелін азайтуға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосады.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті. Осы мақсатта Сауран ауданында су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, Президент айқындаған қауіпсіз, тұрақты және орнықты Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруға қызмет ете береді.
