Сауран ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кеңейтілген кездесу-жиналыс өтті. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті.
Кездесуге ауданның ақсақалдары мен ардагерлері, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, сала мамандары, коммуналдық мекеме қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – аудан аумағындағы санитарлық тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен қоғамдық жауапкершілігін арттыру.
Мемлекет басшысы елді мекендердің тазалығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше мән беріп, «Таза Қазақстан» бастамасы арқылы қоғамда тазалыққа деген ортақ жауапкершілікті қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Сауран ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аудан көлемінде экологиялық акция аясында тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелердің, саябақтар мен гүлзарлардың, әлеуметтік нысандардың және қоғамдық орындардың аумақтары тазартылуда. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық қалдықтарды ретке келтіру, арық-атыздарды тазалау, ағаш көшеттерін отырғызу, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Экологиялық шараларға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ғана емес, тұрғындар, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері де белсенді қатысуда. Бұл – қоршаған ортаны қорғау ісінің тек белгілі бір сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетеді.
Күн тәртібіне сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақселеу Сейденбек, «Сауран-Тазалық» ЖШС басшысы Элзод Мавленов, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Мамырхан Мұсаханов, «Жасыл Сауран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшысы Алтынкүл Бакирова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов баяндама жасап, сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Баяндамалар барысында елді мекендердегі тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастауға жол бермеу, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында экологиялық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мәселелері көтерілді.
Сонымен бірге, жауапты мекемелерге аумақтардың тазалығын бақылауды күшейту, абаттандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру және анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою бойынша тиісті міндеттер жүктеу қажеттігі айтылды.
Жиында ауданның ардагерлері мен ақсақалдары да өз ұсыныстарын білдіріп, кейінгі ұрпаққа таза әрі көрікті елді мекен қалдырудың маңыздылығына тоқталды. Жастар мен қоғамдық ұйымдардың экологиялық бастамаларға белсенді араласуы қажеттігі де атап өтілді.
Жиын соңында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің көркін арттыру, санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру жұмыстарын одан әрі күшейту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.
Аудан басшылығы тазалық жұмыстарын тек акция аясында ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдыру қажеттігін атап өтті. Себебі, қоршаған ортаның тазалығы – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Кездесу сұрақ-жауап форматында қорытындыланып, қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар алдағы уақытта аудан аумағында экологиялық жұмыстарды жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру барысында ескерілетіні айтылды.
«Таза Қазақстан» – тазалықты сақтауға ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Сауран ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

