ОТБАСЫЛЫҚ ҮЙЛЕСІМ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНЫҢ НЕГІЗІ

Отбасы – адамның эмоционалдық және психологиялық саулығына тікелей әсер ететін маңызды орта. Отбасындағы өзара түсіністік, сыйластық пен қолдау адамның көңіл күйіне, өмірге деген көзқарасына және жалпы денсаулығына оң ықпал етеді. Сондықтан, отбасылық өмірдің алғашқы кезеңінде кездесетін қиындықтарды дер кезінде шешіп, жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру маңызды.

Осы бағытта Созақ ауданындағы Отбасын қолдау орталығында «Отбасындағы алғашқы қиындықтарды жеңу жолдары» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында отбасы ішіндегі қарым-қатынастың адам денсаулығына әсері, психологиялық тұрақтылықты сақтау және күйзелістің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Семинарды Отбасын қолдау орталығының маманы А. Манабаева бастап, тақырыпқа байланысты слайдтар көрсетіп, отбасы мүшелерінің бір-біріне қолдау көрсетуінің маңыздылығы туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар, Б. Саржан сөз сөйлеп, отбасы құндылықтары мен өзара түсіністіктің адамның психологиялық саулығын сақтаудағы рөліне тоқталды.

Іс-шараға Созақ аудандық орталық ауруханасының психолог мамандары Шолпан Түкебаева мен Айгүл Керімбай қатысып, отбасыдағы психологиялық ахуалдың адам денсаулығына ықпалы жөнінде баяндама жасады. Мамандар ұзақ уақытқа созылған түсініспеушілік, шамадан тыс күйзеліс пен эмоционалдық қысым адамның көңіл күйіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, қиын жағдайларда эмоцияны дұрыс басқару, бір-бірін тыңдау және өзара қолдау көрсету жолдарын түсіндірді.

Семинар барысында қатысушылармен психологиялық тренингтер өткізіліп, отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, күйзелісті төмендетуге, жағымды эмоция қалыптастыруға және өзара сенімді арттыруға бағытталған практикалық жаттығулар ұйымдастырылды.

Мамандардың айтуынша, салауатты отбасы – салауатты қоғамның негізі. Отбасындағы жылы қарым-қатынас пен психологиялық қолдау адамның эмоционалдық жағдайын тұрақтандырып, денсаулықты сақтауға ықпал етеді.

Сондықтан, отбасындағы қиындықтарды дер кезінде байқап, оларды сабырмен және өзара түсіністікпен шешу – әр отбасының берекесін ғана емес, оның мүшелерінің психологиялық саулығын сақтаудың да маңызды шарты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *