«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАҒА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Шаға ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде елді мекеннің санитарлық тазалығы, абаттандырылуы және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жай-күйі талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына үнемі назар аударып келеді. Осы бағытта қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы елді мекендердің көркейіп, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Кездесу барысында аудан әкімі тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Әрбір тұрғын өз ауласының, үй іргесінің және көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Жиында тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, қоқысты ретсіз төкпеу, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, үй маңындағы аумақтарды күтіп ұстау және санитарлық талаптарды сақтау мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар, ауыл аумағында абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жасыл желектерді күтіп-баптау, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Мақсат Таңғатаров тұрғындарды «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысуға шақырып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне әр азаматтың үлес қосуы маңызды екенін атап өтті. Тазалық сақтау – тек сыртқы көріністі жақсарту емес, елді мекен тұрғындарының өмір сүру сапасы мен қоғамдық мәдениетінің көрсеткіші екеніне назар аударды.

Кездесу қорытындысында жауапты сала басшылары мен Шаға ауылдық округінің әкіміне санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту, анықталған кемшіліктерді жою, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу және елді мекен аумағында тазалық талаптарының сақталуын бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстардың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, қоғамда тазалыққа, тәртіпке және туған жерге деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар Шаға ауылдық округінде де жүйелі түрде жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *