ШАҒА ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЭЛЕКТР ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде.

Осы бағыттағы жұмыстар Сауран ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Шаға ауылдық округіне қарасты, Шаға елді мекеніндегі электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан әкімі құрылыс алаңын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын зерделеді. Мердігер мекеме өкілдері мен жауапты сала басшылары жобаның орындалу барысы жөнінде баяндады.

Жоба аясында 323 дана темірбетон электр бағанасы орнатылып, 10,6 шақырым электр желісі тартылған. Сонымен қатар, 3 дана трансформатор орнатылды. Бұл жұмыстар елді мекендегі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде электр желілерінің техникалық жағдайы жақсарып, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге қажетті жағдай қалыптасады.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Мақсат Таңғатаров жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды және қолданыстағы талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту – ауылдардың тұрақты дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *