ЖАС АНАЛАРҒА БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Созақ аудандық орталық ауруханасына қарасты Таукент дәрігерлік амбулаториясында жас аналардың медициналық және санитариялық сауаттылығын арттыру, балалардың денсаулығын нығайту және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында мамандар жас аналарға балалардың жас ерекшелігіне сәйкес дұрыс және теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 6 айлық балаларға қосымша тағамды енгізу тәртібі, оның уақтылы басталуы, тағам түрлерін біртіндеп қосу және баланың ағзасына қажетті қоректік заттармен қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар, 2 жастан асқан балалардың күнделікті тамақтану рационын дұрыс қалыптастыру, дәрумендер мен минералдарға бай тағамдарды тұтыну, фастфуд, газдалған сусындар және құрамында қант мөлшері жоғары өнімдерді шектеудің маңыздылығы түсіндірілді. Баланың тәбеті мен жасына қарай тамақтану тәртібін сақтау, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және жеке бас гигиенасын қалыптастыру бойынша да кеңестер ұсынылды.

Кездесу барысында «ҮЙ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК» тақырыбына да ерекше назар аударылды. Мамандар балалар арасында жиі кездесетін тұрмыстық жарақаттардың алдын алу, үй жағдайындағы қауіп факторларын азайту және бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру жолдарын түсіндірді.

Атап айтқанда, электр құралдары, ыстық сұйықтықтар, өткір және ұсақ заттар, дәрі-дәрмектер мен тұрмыстық химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, терезе мен балкон қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ас үйде балаға бақылау жасау және ойын кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде практикалық ұсынымдар берілді.

Мамандар ата-аналардың бала денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өтуі және балада денсаулыққа қатысты қандай да бір өзгерістер байқалған жағдайда медициналық ұйым мамандарына жүгіну қажеттігін атап өтті.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында жас аналардың сұрақтарына жауап беріліп, бала күтімі, дұрыс тамақтану және қауіпсіздік мәселелері бойынша жеке кеңестер берілді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға, балалар арасында аурулар мен тұрмыстық жарақаттардың алдын алуға, сондай-ақ ата-аналардың бала денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Жас ұрпақтың дені сау болып қалыптасуы ең алдымен дұрыс күтімге, сапалы тамақтануға және қауіпсіз ортаға байланысты. Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Созақ ауданындағы медициналық ұйымдарда жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *