САУРАНДА ЖЕРДІ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданында жер учаскелерін заң талаптарына сәйкес пайдалану және құрылыс нысандарының рұқсат құжаттарына сай жүргізілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Осыған байланысты, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан аумағындағы заңсыз құрылыс нысандары мен жер учаскелерін белгіленген талаптарды бұза отырып пайдалану мәселелері бойынша кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Жиынға тиісті салаға жауапты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және кәсіпкерлік нысандарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану, құрылыс жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарынсыз жүргізуге жол бермеу, мемлекеттік жерлерді өз бетінше иелену және жер учаскелерін заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алу мәселелері кеңінен қаралды.

Аудан әкімі кәсіпкерлік нысандарының қызметі қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, заңсыз құрылысқа және жер учаскелерін рұқсатсыз пайдалануға жол бермеу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, кәсіпкерлердің де ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.

Мақсат Таңғатаров анықталған заң бұзушылықтарды белгіленген тәртіппен жою, қажетті құжаттарды заң талаптарына сәйкес, рәсімдеу және жер учаскелерін пайдалану тәртібін сақтау жөнінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Жиында кәсіпкерлердің ұсыныстары мен көтерген мәселелері де тыңдалып, олардың сұрақтарына жауапты сала мамандары тарапынан түсіндірмелер берілді. Кәсіпкерлерге құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын жер учаскесінің құқықтық мәртебесін, нысаналы мақсатын және қажетті рұқсат құжаттарының толықтығын алдын ала тексерудің маңыздылығы түсіндірілді.

Кездесу қорытындысымен аудандық жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне аумақтағы жер учаскелерінің пайдаланылуына және құрылыс нысандарының заң талаптарына сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.

Заң талаптарын сақтау – жер ресурстарын тиімді пайдаланудың, елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастырудың және кәсіпкерлік қызметті өркениетті түрде дамытудың маңызды шарты. Осы бағыттағы бақылау және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *