Бабайқорған ауылдық округінің Мәдениет үйінде аудандық қоғамдық ұйымдардың бастамасымен қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – алкоголь мен есірткіге тәуелділіктің алдын алуға арналған жиын өтті. «Арақсыз ауыл» және «Нашақорлыққа жол жоқ» жобалары аясында ұйымдастырылған кездесуге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ардагерлер, дін өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында алкогольдік ішімдіктерді тұтыну мен есірткі заттарының заңсыз айналымының алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров салауатты қоғам қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен, мәдени және қоғамдық жұмыстармен айналысуына қолайлы жағдай жасау маңызды.
– Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы әрбір отбасының берекесінен басталады. Жастарымыздың болашағына алаңдап, олардың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Зиянды әдеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрғындармен бірлесе отырып жүйелі түрде жалғастыруымыз керек, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Баймұратов, «Сауран» мешітінің имамы Н.Ақылбеков, Түркістан облысының бас биі Т.Балтабайұлы, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Г.Ибраимова, учаскелік полиция инспекторы М.Мұсаханов және ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Әсіресе, жиында отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін күшейту мәселелеріне ерекше мән берілді. Қатысушылардың пікірінше, зиянды әдеттермен күрестің ең тиімді жолдарының бірі – салауатты өмір салтын қалыптастырып, қоғамда дұрыс құндылықтарды орнықтыру.
Жиынның маңызды бөлігі – Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекені тұрғындарының «Арақсыз ауыл» бастамасын бірауыздан қолдауы болды. Тұрғындар елді мекен аумағында алкогольдік ішімдіктерді сатуға жол бермеу, қоғамдық тыныштықты сақтау, отбасылық құндылықтарды қорғау және жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін ортақ ұстанымдарын білдірді.
Осылайша, Абай елді мекені тұрғындарының бастамасымен ауылда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жаңа қоғамдық қадам жасалды. «Арақсыз ауыл» бастамасы – ең алдымен тұрғындардың өзара түсіністігі мен жауапкершілігіне, қоғамдық келісімге және ұрпақ тәрбиесіне негізделген игі ниеттің көрінісі.
Жиын соңында алкоголь мен есірткінің алдын алу, жастар тәрбиесін күшейту, қоғамдық тәртіпті сақтау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды аудандық қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер және ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып тұрақты түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Абай елді мекенінің бұл бастамасы ауыл тұрғындарының салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысын көрсетіп, қоғамның әр мүшесін жауапкершілік пен өзара қолдауға үндейді.

