Сауран ауданының Үшқайық ауылдық округі аумағындағы Сырдария өзені бойында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту мақсатында кезекті профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға Сауран ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар бөлімі, Үшқайық ауылдық округінің мамандары және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатысып, өзен жағалауы мен тұрғындар жиі баратын аумақтарды аралады.
Профилактикалық жұмыстар барысында суға түсуге рұқсат етілмеген және қауіп төндіретін учаскелер зерделеніп, тиісті аумақтарға «Суға түсуге тыйым салынады!» деген ескерту белгілері орнатылды. Бұл жұмыстар тұрғындарға қауіпті учаскелерді алдын ала ескертуге және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар, мамандар тұрғындармен кездесіп, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Азаматтарға белгіленбеген және арнайы жабдықталмаған орындарда суға түспеу, өзен жағасында демалу кезінде сақтық шараларын сақтау, алкогольдік ішімдік ішіп алып суға түспеу және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне баса мән берілді. Ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың өзен-көлдерге ересектердің қарауынсыз баруына жол бермеу қажеттігі айтылды. Өйткені, судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Сала мамандарының айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздік тек жауапты органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігін талап етеді. Сондықтан, тұрғындардың ескерту белгілеріне назар аударып, белгіленген талаптарды орындауы – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты.
Сырдария өзені бойындағы қауіпсіздік шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, рейдтік және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Қауіпті аумақтарға бақылау жүргізіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі ақпараттар жеткізіледі.
Құрметті аудан тұрғындары!
Судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Тыйым салынған және белгіленбеген орындарда суға түспеңіздер. Қауіпсіздік белгілерін елемей, өз өміріңізге және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіздер.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, оларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар. Суға түсу кезінде баланың жүзуді білуі оның қауіпсіздігіне толық кепілдік бермейтінін ескерген жөн.
Қауіпсіздік ережесін сақтау – әр адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға қосқан маңызды үлесі. Сақтық шараларын сақтау арқылы ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.
