Үшқайық ауылдық округіне қарасты С. Қожанов ауылында тұрғындар мен ауыл ақсақалдарының бастамасымен «Арақсыз ауыл» жобасы аясында кездесу өтті. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, ауданның бас имамы Е. Полатов, Үшқайық ауылдық округінің әкімі Болат Сенбеков, тиісті сала мамандары, кәсіпкерлер, ұстаздар, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – елді мекен тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, алкогольдік ішімдіктердің адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін кері әсерін түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Жиын барысында ішімдікке тәуелділіктің отбасы берекесіне, бала тәрбиесіне және жастардың болашағына кері ықпалы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарды зиянды әдеттерден қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Ауданның бас имамы Е. Полатов алкогольдік ішімдіктің адам денсаулығына, рухани құндылықтарға және қоғамдық ортаға тигізетін зиянына тоқталып, тұрғындарды салауатты әрі өнегелі өмір салтын ұстануға шақырды. Ол ауылдағы игі бастамаларды қолдап, қоғамның әр мүшесі жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруге үлес қосуы қажет екенін атап өтті.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен тұрғындар «Арақсыз ауыл» бастамасының маңыздылығына тоқталып, елді мекеннің қоғамдық ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстарды бірлесе атқаруға дайын екендерін білдірді. Кәсіпкерлер де бастаманы қолдап, алкогольдік ішімдіктерден бас тарту мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосуға ниетті екендерін жеткізді.
Жиын қорытындысында тұрғындардың ортақ қолдауымен С. Қожанов ауылы «Арақсыз ауыл» бастамасына қосылды.
Аталған бастама – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және жастардың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Елді мекен тұрғындарының бірлігі мен ортақ ұстанымы бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына негіз болады.

