Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптары аясында тұрғындармен кездесу өтті. Жиынды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Басқосуға аудандық ақсақалдар мен ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының зиянын түсіндіру, жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл – берекелі ауыл» бастамасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бүгінде Сауран ауданындағы 20 елді мекеннің тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдағанын атап өтті.
– Бұл бастама ең алдымен ауыл тұрғындарының өз еркімен қабылдаған ортақ шешіміне негізделеді. Оның басты мақсаты – ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, отбасы құндылықтарын сақтау, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және ауылдарда қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру. Салауатты қоғам құру әр азаматтың жауапкершілігінен басталады, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен сабақтасып, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық азаматтардың ортақ міндеті екені атап өтілді.
Сауран ауданы құрылғаннан бері бес ауыл аталған бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, алкогольдік ішімдіктерден бас тартқан болатын. Соңғы кезеңде аудандық қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар алқасы, ардагерлер және белсенді азаматтардың бастамасымен жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жобаға қосылған елді мекендердің саны арта түсті.
Бүгінде Үлгілі, Шыпан, Шекербұлақ, Нұртас, Серт, Құмтүйін, Абай, Ескі Сауран, Қаражон, Егізқара, Игілік, Ойық, Мәшһүр Жүсіп, Шойтөбе, С.Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Қосқорған, Қосмезгіл және Аша ауылдары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Аталған шешімдер жергілікті қоғамдастық пен ауыл ақсақалдарының қатысуымен өткізілген жиындардың хаттамалары негізінде қабылданған. Бұл ретте ауыл тұрғындарымен қатар, сауда нысандарының иелері де бастаманы қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту жөнінде ортақ келісімге келген.
Кездесу барысында алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының таралуының алдын алу, жастар тәрбиесі, отбасылық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Балтабай Ермекбайұлы, аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлерін білдірді.
Ақсақалдар тарапынан ұлттық тәрбие мен отбасы институтының маңыздылығы айтылып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді дәстүрлі құндылықтарды дәріптеудің қажеттігі сөз болды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну мен есірткі заттарын қолданудың жеке адамның ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамның қауіпсіздігіне кері әсер ететінін айтып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстардың тұрақты жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу, сауда орындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының бастамаларына қолдау көрсету жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын соңында тұрғындар «Арақсыз ауыл» бастамасының елді мекендердегі қоғамдық ахуалды жақсартуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы, Сауран ауданында қолға алынған бұл бастама – ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастамалардың бірі. Алкогольсіз ортаны қалыптастыру, есірткіге қарсы иммунитетті күшейту және жастар тәрбиесіне басымдық беру арқылы қауіпсіз әрі берекелі ауыл қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

