ЕГІЗҚАРА ЕЛДІ МЕКЕНІН КҮН ЭНЕРГИЯСЫМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы негізінде Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылдық округінің Егізқара елді мекенін тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында жаңа жоба жүзеге асырылмақ.

Аталған жоба шалғай орналасқан елді мекеннің электр инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарды сенімді электр энергиясымен қамтуға және жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануға бағытталған. Жобаның басты ерекшелігі – электр қуатын өндіруде күн энергиясын пайдалану арқылы заманауи әрі экологиялық таза технологияларды енгізу.

Жоба аясында China Energy компаниясы тарапынан күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін арнайы панельдер орнату жоспарлануда. Күн панельдері арқылы өндірілетін электр қуаты елді мекен тұрғындарының қажеттілігін өтеуге бағытталып, электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров China Energy компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын және алдағы міндеттерді талқылады.

Кездесу барысында жобаның техникалық мүмкіндіктері, күн панельдерін орналастыру орындары, қажетті инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру, электр желілерін тарту, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының кезеңдері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, жұмыстарды белгіленген мерзімде бастау және сапалы аяқтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жоспарға сәйкес, Егізқара елді мекенінде күн энергиясын өндіретін арнайы панельдер орнатылып, өндірілген электр қуатын тұрғындарға жеткізу үшін елді мекен аумағында 2,7 шақырым электр желісі тартылады. Бұл жұмыстар елді мекеннің электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртып, желідегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану – қазіргі таңда энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Күн энергиясын пайдалану арқылы табиғи ресурстарды тиімді жұмсау, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту және шалғай елді мекендерді заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге жағдай жасалады.

Егізқара елді мекенінде аталған жобаның іске асуы тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне де оң әсер етпек. Электр қуатының тұрақтылығы елді мекеннің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы ретте, жобаға жауапты мамандарға барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, жұмыстың сапасын тұрақты бақылауда ұстау және белгіленген мерзімдерді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сонымен бірге, жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігіне, электр желілерінің техникалық талаптарға сәйкестігіне және орнатылатын жабдықтардың сапасына басымдық беру қажеттігі айтылды.

Егізқарадағы бұл бастама Мемлекет басшысының өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу бағытындағы саясатына сәйкес келеді.

Алдағы уақытта жобаның техникалық кезеңдері пысықталып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде Егізқара елді мекенінің электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *