ЖҮЙНЕКТЕ ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесіп, елді мекендегі инфрақұрылымдық мәселелердің жай-күйімен танысты.

Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Шыпан елді мекенінің тұрғындары бірқатар аумақтағы электр бағаналарының тозығы жеткенін айтып, оларды жаңарту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, жаңадан қоныстанған аумақта орналасқан Алишер Науаи көшесін электр желісімен толық қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс білдірді.

Тұрғындардың көтерген мәселелерін шешу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Алишер Науаи көшесіне электр желісін тарту бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жоба аясында қуаттылығы 160 кВт болатын бір трансформатор орнату, 50 электр бағанасын қою және 1,5 шақырым электр желісін тарту көзделген. Бұл жұмыстар жаңа қоныстанған аумақтағы тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда «Оңтүстік Жарық Транзит» АҚ тарапынан И. Усманов көшесінде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 13 жаңа электр бағанасын орнату, 900 метр электр желісін тарту және қуаттылығы 100 кВт болатын трансформатор қою қарастырылған.

Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жергілікті жерде бақылап, жауапты мамандармен пікір алмасты. Мақсат Таңғатаров электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысы тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Осыған байланысты, жауапты сала басшыларына жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын, белгіленген мерзімдердің сақталуын және техникалық талаптардың толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген өзге де мәселелер мен ұсыныстар назарға алынды. Аудан әкімі әрбір мәселені кезең-кезеңімен шешіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *