Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен санитарлық жағдайына қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды.
Күн тәртібіне жол бойында орналасқан туристік және кәсіпкерлік нысандардағы гигиеналық тораптардың жай-күйін зерделеу, Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың үлесін төмендету, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында іске асырылу барысы енгізілді.
Алғашқы мәселе бойынша кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров жол бойындағы туристік және кәсіпкерлік нысандарда жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.
Мәжіліс барысында нысандардағы санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, жолаушылар мен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы және қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аудан әкімі анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты жұмыстар жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру шараларын күшейтуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дауырхан Асылбек Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесінде D және E санаттарына жатқызылған отбасылардың санын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Аудан басшысы әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін әрбір отбасының жағдайын жеке зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, отбасылардың табысын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және қолданыстағы мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларға тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Жиында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында жүзеге асырылу барысы да жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақселеу Сейденбек баяндады.
Мәжілісте елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, аулалар мен ортақ пайдаланылатын аумақтардың тазалығын сақтау мәселелеріне басымдық берілді.
Аудан әкімі тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқандық сипатта ғана емес, тұрақты түрде жүргізу қажеттігін атап өтіп, ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына тиісті аумақтардың санитарлық жағдайын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ, тұрғындар арасында қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Жиын қорытындысында қаралған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылау аудан әкімінің тиісті орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына жүктелді.
