ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС: ӨТІНІШТЕР БОЙЫНША НАҚТЫ ШЕШІМДЕР ҚАРАЛДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Жеке қабылдауға 8 азамат қатысып, жалпы 9 мәселе көтерілді. Тұрғындардың өтініштері баспана, жұмыспен қамту, жер қатынастары, электрмен жабдықтау, әлеуметтік нысандар, қоғамдық көлік және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты болды.

Қабылдау барысында Қарашық ауылдық округінің тұрғыны мақта шаруашылығындағы зиянкестермен биологиялық әдіс арқылы күресуге бағытталған биолаборатория ашу үшін ғимарат қажеттігі жөнінде мәселе көтерді. Аудан әкімі аталған бастаманың ауыл шаруашылығы саласы үшін маңыздылығын атап өтіп, жобалық ұсынысты толық әзірлеп, оның қолданыстағы талаптарға сәйкестігін зерделеуді тапсырды.

Сонымен қатар, тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз ету, тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік дүкеннің орналасқан жерін өзгертіп, аумағын кеңейту мәселелерін жеткізді. Жұмыспен қамтуға қатысты өтініштер бойынша аудандық мансап орталығы мен жауапты бөлімдерге азаматтарға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыспен қамту тетіктері аясында қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.

Жүйнек ауылдық округінің тұрғыны А. Қалмурзаев көшесінде орнатылған трансформаторды электр желісіне қосып, іске қосуға жәрдем көрсетуді сұрады. Қазіргі уақытта аталған аумақта қуаттылығы 160 кВт трансформатор орнатылған. Оны электр желісіне қосу үшін қосымша 12 электр бағанасын орнату қажеттігі анықталған.

Бұдан бөлек, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы жер учаскесіне қатысты мәселе, Ә. Сығай атындағы жалпы орта мектепке акт залын салу және қоғамдық көлік қатынасын жақсарту жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Аудан әкімі әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты зерделенуі қажет екенін атап өтті. Жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне әрбір өтініш бойынша нақты шешу жолдарын қарастырып, заң аясында тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.

Мемлекеттік басқаруда тұрғындармен ашық әрі тікелей байланыс орнату, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеру және жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу – аудан әкімдігі жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, әрбір азаматтың өтінішіне заң аясында нақты жауап беруге және мүмкіндігінше оңтайлы шешім қабылдауға басымдық берілетін болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *