САУРАНДА ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Сауран ауданында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің дәстүрлі аудандық тамыз кеңесі өтті.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдігінің қызметкерлері, ардагер ұстаздар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.

Кеңестің негізгі мақсаты – өткен оқу жылының қорытындысын саралау, білім беру саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылау, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындау және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған басымдықтарды белгілеу.

Жиында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, білім саласының қоғам дамуындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Аудан басшысы педагогтер қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаз еңбегінің жас ұрпақтың қалыптасуы мен елдің адами капиталын дамытудағы айрықша рөлін атап өтті.

Бүгінде Сауран ауданында 64 жалпы білім беретін мектеп пен 64 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 6 923 бүлдіршін тәрбиеленіп, оларға 571 педагог қызмет көрсетуде. 2025–2026 оқу жылында аудан мектептерінде 24 352 оқушы білім алса, жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 25 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Биыл 2 333 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің болмауы білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі ретінде атап өтілді. Бұл ретте мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасын табады.

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептеріндегі білім сапасы 59,11 пайызды құрап, алдыңғы оқу жылындағы 57,8 пайызбен салыстырғанда оң динамика көрсетті. Оқушылардың үлгерім көрсеткіші 100 пайызды құрады. Білім сапасы бойынша, Сауран ауданы облыс көлемінде 9-орынға тұрақтады.

Өткен оқу жылында аудан мектептерін 1 745 түлек аяқтады. Оның ішінде 562 түлек мемлекеттік білім грантына ие болды. 148 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталса, 132 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл көрсеткіштер аудан мектептерінде білім алушылардың сапалы білім алуына және олардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне бағытталған жұмыстардың нәтижелілігін көрсетеді.

Сонымен қатар, аудан оқушылары пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен түрлі білім додаларында белсенділік танытып, жоғары нәтижелер көрсетті. Дарынды балаларды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, білім алушылардың кәсіби бағдарлануына жағдай жасау жаңа оқу жылындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Кеңес барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков «2025–2026 оқу жылының қорытындылары және жаңа оқу жылының міндеттері туралы» баяндама жасап, білім беру саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Баяндамасында педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім сапасын көтеру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілді.

Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының алдында оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар, олардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік және қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру міндеттері тұр. Осы бағытта тәрбие жұмысының мазмұнын күшейту, ата-аналармен өзара байланысты нығайту және балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілетіні айтылды.

Басқосуда тәжірибелі педагогтер мен жас мамандар да сөз сөйлеп, білім беру үдерісіндегі озық тәжірибелерімен бөлісті. Олар ұстаздардың кәсіби дамуы, заманауи оқыту әдістемелерін енгізу және білім алушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып жұмыс жүргізу жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында педагог мәртебесін арттыру, ұстаздардың кәсіби әлеуетін қолдау және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне де назар аударылды. Білім саласының мамандарына қойылатын талаптармен қатар, олардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету мен еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

Тамыз кеңесі аясында білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге елеулі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар мен сала қызметкерлері марапатталды. Оларға Сауран ауданы әкімдігінің «Еңбегі сіңген» төсбелгісі, аудан әкімінің Алғыс хаты, білім саласындағы ведомстволық және кәсіподақ марапаттары табысталды.

Жиын қорытындысында жаңа оқу жылында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие жұмысын күшейту және білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша нақты міндеттер айқындалды.

Сауран ауданында білім саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, басты назар жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *