Сауран ауданындағы №4 жалпы білім беретін мектепте ұстаздардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және оқушыларға рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Кітап оқитын ұстаз келбеті» тақырыбында тағылымды таныстыру кеші өтті.
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын маңызды рухани құрал. Осыны негізге алған мектеп ұжымы мұғалім мен оқушы арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу ұйымдастырды.
Кеш барысында ұстаздар өздері оқыған кітаптарын оқушыларға таныстырып, шығармалардың мазмұны мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Әдеби туындылардағы адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, білімге ұмтылу секілді құндылықтар жайында пікір алмасып, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті.
Шараның басты ерекшелігі – оқушылардың кітапты тек оқу құралы ретінде емес, адамның ішкі дүниесін байытып, ойлануға жетелейтін рухани қазына ретінде қабылдауына ықпал етуі.
Ұстаздың кітап оқуы – шәкіртке берілетін көрнекі тәрбиенің бір үлгісі. Себебі, бала үлкеннің сөзіне ғана емес, күнделікті әрекетіне де қарап бой түзейді. Кітапты серік еткен мұғалім оқушыға білім берумен қатар, ізденуге, ой қорытуға және рухани дамуға бағыт көрсетеді.
Мектепте ұйымдастырылған мұндай мәдени-танымдық кездесулер оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кітаппен дос болған ұрпақтың ойы терең, танымы кең, рухани дүниесі бай болары анық. Ал, сол жолда оқушыға бағыт-бағдар беретін ұстаздың орны ерекше.
Кітап оқитын ұстаз – кітап оқитын ұрпақтың қалыптасуына жол ашатын рухани көшбасшы.
