«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» – ЗЕРДЕЛІ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қазіргі қоғамда білімді, ой-өрісі кең, рухани дүниесі бай және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың, оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырудың және жас ұрпақты жүйелі түрде кітап оқуға баулудың маңызы зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен ғылымға ұмтылысты арттыруға ерекше мән беріп келеді. Президенттің бастамалары елдегі зияткерлік ортаны қалыптастыруға, жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттыруға және кітап оқуды қоғамның маңызды құндылығына айналдыруға бағытталған.

Осы бағыттағы жұмыстарды қолдау мақсатында Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын насихаттауға арналған тағылымды жұмыс ұйымдастырылды. Мектептің 2026–2027 оқу жылына арналған марафонды кеңінен таныстыру мақсатында педагогтердің қатысуымен арнайы бейнеролик түсірілді.

Іс-шараны мектеп кітапханашысы Аханова Ақбота ұйымдастырып, бейнероликке мектептің 5 педагогі қатысты. Ұстаздар кітапхана қорындағы таңдаулы әдебиеттерді таныстырып, олардың мазмұнына, тәрбиелік мәніне және оқырманның танымдық қабілетін дамытудағы маңызына тоқталды.

Бейнеролик барысында педагогтер оқушыларды кітап оқуға, білімін жетілдіруге және рухани тұрғыдан дамуға шақырып, «Кітап оқы, біліміңді арттыр!» деген ұранды алға тартты. Бұл үндеу оқушыларды бос уақытын тиімді пайдалануға, пайдалы әдебиеттерді таңдауға және тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға үндейді.

Марафон аясында қатысушыларға оның негізгі талаптары мен бағыттары да таныстырылды. Атап айтқанда, ұсынылған 330 кітаптың ішінен 15 кітап оқу, жеті бағыт бойынша әдеби шығармалармен танысу және марафонның жүлде қоры туралы ақпарат берілді.

Мұндай жобалар оқушылардың тек кітап оқу белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың әдеби шығармаларды талдауына, кейіпкерлер әрекетіне сыни тұрғыдан баға беруіне, өз ойын еркін жеткізуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, кітап оқу арқылы жасөспірімдердің сөздік қоры молайып, шығармашылық қабілеті дамып, дүниетанымы кеңейеді.

Кітап – ұлттың рухани қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құндылық. Әдеби шығармалар арқылы жас буын халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық дүниетанымын тереңірек танып, адамгершілік пен елжандылық қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан, мектеп қабырғасында оқу мәдениетін қалыптастыру – сапалы білім берумен қатар, саналы азамат тәрбиелеудің де маңызды тетігі.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының негізгі мақсаты да осы құндылықтарды дәріптеп, кітапты адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған. Марафонның мектептерде жүйелі түрде насихатталуы оқушылардың кітапханаға деген қызығушылығын арттырып, ұстаздар мен оқушылар арасында ортақ оқу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұстаздың кітап оқуы – шәкіртке көрсетілген өнегенің бірі. Педагогтердің өздері оқыған шығармаларды таныстырып, оқушыларды кітап оқуға шақыруы жас буынға үлкен мотивация береді. Себебі, бала үшін ұстаздың жеке үлгісі – тәрбиенің ең тиімді құралдарының бірі.

Мектеп кітапханасында өткізілген бұл бастама да ұстаз бен оқушыны кітап арқылы байланыстырып, білім мен руханиятты қатар дамытуға бағытталды. Алдағы уақытта марафон аясындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, оқушылардың оқу белсенділігін арттыру, әдеби шығармаларды талқылау, оқырмандық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы іс-шараларды күшейту көзделеді.

Зерделі ұлттың қалыптасуы – білімді ұрпақ тәрбиесінен басталады. Ал, білімді ұрпақтың қалыптасуында кітаптың орны ерекше. Сондықтан, кітап оқуға қызығушылықты арттыру, оқу мәдениетін дәріптеу және әдеби мұраны жас буынға кеңінен таныстыру – баршаға ортақ міндет.

Кітап оқыған ұрпақ – ойы озық, танымы терең, рухы биік ұлттың тірегі. Кітаппен дос болған бала – ел болашағына сеніммен қарайтын саналы азамат.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *