Созақ ауданында өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 42 млрд 134 млн теңгеге жеткен. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің мәлімдеуінше, инфрақұрылым бағытында ауданға қарасты елді мекендер 100% орталықтандырылған ауыз сумен және 100% электр энергиясымен қамтылған. 2025 жылы магистральды газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, өңірге көгілдір отын жеткізілді. 2026 жылдың 13 ақпанында аудан орталығы Шолаққорған ауылына газ беріліп, 4 600 абонент қосылған. Қазіргі таңда Созақ және Құмкент ауылдарына газ құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жартытөбе, Бабата және Аққолтық елді мекендерін газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталған.
Брифинг барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге де тоқталды. Өткен жылы негізгі капиталға 2 млрд 35,5 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 101,8 пайызға орындалған. Тамақ өндірісіне 254 млн теңге инвестиция бағытталған.
