Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, салалық көрсеткіштер мен өзекті мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Насыр Ербол 2026 жылға арналған индикаторлық көрсеткіштер мен саланың өзекті мәселелері жөнінде баяндады. Жиында егіс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және шаруаларға көрсетілетін қолдау шаралары талқыланды. Аудан әкімі көрсеткіштердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси ахуал туралы. «Ішкі саясат» бөлімінің басшысы Қалеке Марат баяндама жасап, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындармен кері байланыс орнату және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелеріне тоқталды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі барлық бөлім басшыларына жоспарланған жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, әрбір көрсеткіш бойынша нақты нәтиже көрсетуді тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.


