Бүгін Әділет органдарының қызметіне қатысты проблемалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы мәжіліс өтті. Жиынды Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы міндетін атқарушы Асқар Дайрабаев ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде әділет саласының халықпен тікелей жұмыс істейтін маңызды құрылым екенін атап өтіп, тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді ашық талқылаудың маңыздылығына тоқталды.
Мәжіліске Түркістан облысы Әділет департаменті басшысы Нұржан Махамбетов, жеке сот орындаушылар Мақсат Қожанов пен Нұр Дильдабеков, нотариус Даулетхан Ахметов және аудан тұрғындары қатысты. Күн тәртібінде Әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыру, атқарушылық іс жүргізу барысы, сот шешімдерінің орындалуы, нотариалдық қызмет көрсету сапасы және тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелер қаралды.
Мәжіліс барысында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты сұрақтар қойды. Қойылған сауалдарға тиісті сала өкілдері тарапынан түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар, жиыннан кейін Әділет департаменті басшысы Нұржан Махамбетов азаматтарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Әрбір өтініш бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

