Жыр дүлдүлі, халық поэзиясының алыбы — Жамбыл Жабаев туғанына 180 жыл толуына орай Жаңа Иқан мектебінде «Жыр алыбы – Жамбыл» атты тағылымды кеш жоғары деңгейде аталып өтті.
Кештің шымылдығы Жамбыл жырларымен түріліп, ақын мұрасының мәңгілік өнегесі мен рухани құндылығы кеңінен насихатталды. Ғасырлар үнін жеткізген жырлар көрермен жүрегіне жол тауып, рухани әсер сыйлады.
Шара барысында ауыл әкімінің орынбасары Исаев Бауржан мырза құттықтау сөз сөйлеп, Жамбыл мұрасының ұлт тарихындағы айрықша орнын атап өтті. Сондай-ақ ақын, композитор Шерхан Әлібеков жүрекжарды лебізін білдіріп, өнердің құдіреті мен жырдың қасиеті жайлы ой қозғады.
Жаңа Иқан ауылдық кітапханасының меңгерушісі И. Шахайдарова мазмұнды баяндама жасап, Жамбыл шығармашылығының тереңдігі мен тәрбиелік мәніне тоқталды.
Сауран аудандық мәдениет үйі қызметкерлері Ә. Ұлмаханова мен Н. Балтабай және Жаңа Иқан ауылдық мәдениет үйі қызметкері Ж. Алдабергенов әуелете ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Ұлықбек ЖОББ және Дарын KZ ЖОББ мекемелерінің оқушылары Жамбыл жырларын нақышына келтіре оқып, кештің көркін қыздырды.
Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор бұл кеш көпшілікке ерекше әсер қалдырып, ұлттық рухты асқақтатты. Жамбыл жыры – мәңгілік, Жамбыл мұрасы – ұрпаққа аманат!

