2026 жылғы 27 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Кариннің жетекшілігімен Үкіметтің, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және ЮНИСЕФ ұйымының қатысуымен әзірленді.
Тұжырымдама аясында Кентау қалалық білім бөлімі мен әлеуметтік қорғау органдары нақты шараларды қолға алды, яғни Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі барлық мектептер мен балабақшалар 100% бейнебақылау жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен қамтылған. Мектептерде апта сайын «Қауіпсіздік сабақтары» өткізіледі. Қаладағы барлық мектептердің 1–4 сынып оқушылары толықтай мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылы қарсаңында және «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры аясында Кентаудағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын алуға қаржылай көмек беріледі. Жазғы маусымда кентаулық балалар, әсіресе әлеуметтік осал топтағы балалар мемлекеттік жолдамамен Түркістан облысының көрікті жерлеріндегі жазғы лагерьлерге демалысқа жіберіледі.
Аталған бағдарлама балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау, сапалы білім алуына жағдай жасау және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге арналған кешенді стратегиялық құжат болып табылады. Бағдарлама балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы қолданыстағы заңнамалық және институционалдық тетіктерді жүйелеп, олардың тиімділігін арттыруды көздейді.
Бағдарламаны іске асыру мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілген. Жоспар аясында балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 158 нақты іс-шара қарастырылған. Оларды жүзеге асыруға 1,3 триллион теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланған.
Бағдарламаның негізгі басымдықтарының бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы бағытта балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың, суицид жағдайларының және ерте жүктіліктің алдын алу, сондай-ақ балаларды цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі шаралар көзделген. Сонымен қатар, балаларға психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіру, бірыңғай цифрлық платформалар құру және мамандардың кәсіби даярлығын арттыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Бағдарламада ата-аналарды қолдау мен олардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Осы мақсатта ата-аналарға арналған цифрлық қызметтерді дамыту, ақпараттық қолжетімділікті арттыру және ата-аналық жауапкершілік бойынша арнайы оқыту курстарын енгізу жоспарланған.
Балалардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қорғау бағытында жаңа перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын салу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту көзделген.
