Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптастыру үшін білім мен ғылым саласын жетілдірудің маңыздылығына ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында жастардың инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыру, цифрлық сауаттылықты дамыту және инновациялық ойлауды қалыптастыру еліміздің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өткен болатын.
Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Кентау қаласының оқушылары робототехника саласында жоғары жетістікке қол жеткізіп, халықаралық деңгейдегі беделді жарысқа жолдама алды.
Алматы қаласында өткен WRO Almaty 2026 республикалық робототехника турнирінде кентаулық оқушылар RoboMission Elementary санаты бойынша жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұл нәтиже олардың 2026 жылғы 25–27 қыркүйек аралығында Үндістан Республикасында өтетін WRO India Open Championship 2026 халықаралық чемпионатына қатысуына мүмкіндік берді.
Халықаралық додада Қазақстанның намысын қорғайтын команда құрамында №22 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Жақсылықов Хақназар және №14 жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы Әбдіхалық Дулат бар. Команданың жетекшісі – тәжірибелі ұстаз Тәшімов Алмас Төреханұлы.
Аталған жетістік білім алушылардың шығармашылық қабілеті мен ізденімпаздығының, педагогтердің кәсіби біліктілігі мен жүйелі еңбегінің, сондай-ақ өңірде STEM-білім беру бағытында жүргізіліп жатқан тиімді жұмыстардың нәтижесі болып табылады. Бүгінде робототехника мен бағдарламалау салалары оқушылардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып, олардың заманауи технологияларды меңгеруіне кең мүмкіндік беруде.
Бұл жетістік балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен де сабақтас. Әсіресе, «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыми-техникалық шығармашылықпен айналысуына және халықаралық деңгейдегі зияткерлік сайыстарға қатысуына қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Кентаулық оқушылардың халықаралық чемпионатқа жолдама алуы – қаладағы білім беру жүйесінің сапалы дамуының және жастарға жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Бұл жетістік жас буынның ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, еліміздің инновациялық әлеуетін нығайтуға да өз үлесін қосады.
Дарынды, білімді және жаңашыл жастар – Қазақстанның жарқын болашағы мен интеллектуалдық әлеуетінің берік негізі.
