Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қала тұрғындары мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында «Нашақорлық — өмірге төнген қауіп» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық үнпарақтар таратылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғам арасында есірткі және психотроптық заттардың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, жастардың құқықтық және денсаулық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ зиянды әдеттердің алдын алу арқылы салауатты өмір салтын насихаттау болды. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасының негізгі бағыттарымен де сабақтас. Бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың денсаулығын сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру міндеттері көзделген. Осыған сәйкес, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізу – өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.
Ел басшысы өз Жолдауларында ұлт саулығын нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алып, дені сау, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуы еліміздің тұрақты дамуының кепілі екенін атап өткен болатын.
Бүгінде нашақорлық мәселесі әлемдік деңгейдегі өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып саналады. Есірткіге тәуелділік адамның физикалық және психологиялық денсаулығына ауыр зардап келтіріп қана қоймай, оның әлеуметтік жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына және қоғамдағы белсенді өміріне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан, жастардың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға есірткі және психотроптық заттардың адам ағзасына тигізетін зияны, тәуелділіктің қалыптасу кезеңдері, оның психологиялық және әлеуметтік салдары туралы жан-жақты мәліметтер берілді. Сонымен қатар, нашақорлықтың құқықтық жауапкершілікке әкелетіндігі түсіндіріліп, жастарды спортпен шұғылдануға, бос уақыттарын тиімді өткізуге және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» алдағы уақытта да жастар арасында нашақорлықтың, құқық бұзушылықтың және өзге де келеңсіз құбылыстардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жалғастыра береді.
Нашақорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, әрбір азамат жастардың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қалыптастыру жолында жауапкершілік танытып, зиянды әдеттердің алдын алуға өз үлесін қосуы қажет.

