САУРАН АУДАНЫНДА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «BAUDAN EXPORT» ЖШС өкілдерімен кездесіп, аудан аумағында көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін кептіру және терең өңдеу арқылы эфир майын өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде қосылған құны жоғары өнім өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі. Президент өз Жолдауларында ел экономикасын әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті азайту және өңдеуші сектордың үлесін арттыру стратегиялық маңызға ие екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Кездесу барысында инвесторлар жобаның негізгі бағыттарын, өндірістік қуатын, шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін және экономикалық тиімділігін таныстырды. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда 150 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Жоба аясында тәулігіне 20 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін өңдеу көзделіп отыр. Өндіріске қажетті шикізат жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынатын болады. Бұл өз кезегінде аудан шаруаларының өнім өткізу нарығын кеңейтіп, табысын арттыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістік кооперацияны нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өндіріс орнында көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін кептіру, сұрыптау және терең өңдеу жұмыстары жүргізіліп, нарық сұранысына сәйкес эфир майларын өндіру жоспарлануда. Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, өңделетін өнім түрлерін көбейту мәселесі де қарастырылуда. Осы мақсатта жергілікті шаруалармен алдын ала келісімшарттар жасасу арқылы егіс көлемін жоспарлау және тұрақты шикізат қорын қалыптастыру тетіктері пысықталатын болады.

Кездесу барысында аудан әкімі инвестициялық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңыздылығына тоқталып, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын көбейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, инвесторларға жобаны жүзеге асыру барысында заңнама аясында қажетті қолдау көрсету мәселелері қарастырылатынын жеткізді.

Жалпы, бұл бастама Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму бағытына, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жөніндегі мемлекеттік саясатқа және Президенттің өңірлерге инвестиция тарту арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерін жан-жақты зерделеп, алдағы кезеңде нақты жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде өзара пікір алмасты. Аталған жоба іске асқан жағдайда ауданның өндірістік әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейі жоғарылап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *