САУРАН: «ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ – БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

Қазақстан Республикасында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен әзірленіп, 2026 жылғы 27 қаңтарда қабылданған «Қазақстан балалары» бағдарламасы өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық құжат ретінде айрықша маңызға ие.

Бағдарлама Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жетекшілігімен Үкіметтің, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың және халықаралық ұйымдардың қатысуымен әзірленді. Құжат балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау, сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Бағдарлама аясында Сауран ауданында да балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағындағы білім беру ұйымдары кезең-кезеңімен заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық берілуде. Мектептерде тұрақты түрде құқықтық сауаттылықты арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік және профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді.

Сонымен қатар, аудан мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Әлеуметтік осал топтарға жататын және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры аясында қажетті оқу құралдары мен мектеп формасын алуға материалдық көмек көрсетілуде. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік қалыптастыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.

Жазғы демалыс кезеңінде Сауран ауданының оқушылары, әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы балалар сауықтыру лагерлеріне жолданып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және денсаулығын нығайтуға жағдай жасалуда. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі үйірмелер мен қосымша білім беру бағдарламаларының қолжетімділігі кеңейтілуде.

2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары аясында республика көлемінде балалардың құқықтарын қорғау мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған 158 нақты іс-шара жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаның басты басымдықтарының бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылықтың, суицидтің, ерте жүктіліктің алдын алу, сондай-ақ оларды интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғау бойынша кешенді жұмыстар көзделген.

Бұдан бөлек, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасы институтын нығайту, психологиялық көмек көрсету қызметтерін жетілдіру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, денсаулық сақтау және оңалту қызметтерінің сапасын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балалардың қауіпсіздігі мен олардың жан-жақты дамуы ел болашағына салынған инвестиция екенін үнемі атап келеді. Осыған сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасы Сауран ауданында да балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл – әділетті әрі қамқор қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *