СОЗАҚ: МЕДИЦИНА САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, олардың кәсіби мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

Салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыс басшысы халық денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы үш жылда өңірде 115 медициналық нысан пайдалануға беріліп, қазіргі таңда тағы 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар 1548 дана заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен 2 арнайы кешенді құрылғы табысталған. Бұл шаралар тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Созақ аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері де жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Аринбеков Бүркіт «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қасымқұлов Бижігіт Жеңісұлы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ал Керімқұлова Күлжахан Убайдуллақызы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті табысталды. Сонымен қатар, өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға арналған 2 миллион теңгелік сертификаттар берілді.

Шара аясында күрделі дерттен айығып шыққан азаматтар сөз сөйлеп, өз өмірлерін сақтап қалған медицина қызметкерлеріне алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев сала мамандарына құрмет көрсетіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігі атынан марапаттар тапсырды. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы облыс дәрігерлері 75 мыңнан астам операция жасап, 42 ағза трансплантациясын сәтті жүзеге асырған. Сонымен қатар жылжымалы медициналық кешендер арқылы 486 ауылдағы 434 мыңнан астам тұрғын медициналық тексеруден өтті. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізіліп, нәресте өлімі 18,3 пайызға, бала өлімі 14,9 пайызға төмендеді. Өңірде білікті кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Жергілікті бюджет есебінен 297 дәрігер-резидент даярланып, биыл ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан 73 жас маманға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *