СОЗАҚ: ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІ ҰШТАСТЫРҒАН СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ

Созақ ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және құқықтық мәдениетті нығайту мақсатында «TUR WORKOUT» жобасы аясында «Тәртіпке тартыл» атты белтемірге тартылу сайысы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың денсаулығын нығайтуға ықпал ету, оларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ынталандыру, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын дәріптеу. Бұқаралық спортты дамыту арқылы өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, жастар арасында құқық бұзушылықтың, лудоманияның, қаржылық алаяқтықтың және өзге де жағымсыз әлеуметтік құбылыстардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту көзделді.

Сайыстың ашылу салтанатында Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Қаржылық мониторинг басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Абай Қадыров және аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Нұрғалиқызы сөз сөйлеп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулықты сақтауға және заң талаптарын құрметтеуге шақырды.

Жарыс барысында қатысушылар белтемірге тартылу және күштік жаттығулар бойынша бақ сынасып, өздерінің физикалық дайындығы мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Мұндай іс-шаралар жастардың денсаулығын нығайтуға, дене белсенділігін арттыруға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен Анарбай Асылсұлтан, Жаңбырбай Асхат және Тулимов Алишер жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.

Аталған спорттық шара Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылып, жастардың денсаулығын нығайту мен белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды. Сонымен қатар, мұндай тағылымды әрі қоғамдық маңызы зор іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және дені сау, саналы, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жұмыстардың тиімділігін арттыра түсетін болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *