СОЗАҚТА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты парызы санаған ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұлықталды. Мерекелік іс-шарада денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарға құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлер марапатталды.

Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Нұрлан Бердимуратов, медицина саласының ардагерлері, дәрігерлер мен денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, халық денсаулығын сақтау жолындағы адал еңбектері мен жоғары жауапкершіліктеріне ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы міндеттерді жүзеге асыруда медицина қызметкерлерінің орны ерекше екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде аудан көлемінде медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыру, профилактикалық шараларды күшейту және заманауи технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Мерекелік жиында денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар медицина қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Ерен еңбек иесі – ел құрметі алғысы» медалі және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар сала мамандарының көп жылғы еңбегі мен халық денсаулығын қорғау жолындағы еселі қызметіне берілген жоғары баға болды.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, елдің әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда денсаулық сақтау саласының маңызы зор екенін атап өтті. Ол ақ халатты абзал жандардың тәулікпен санаспай атқаратын еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін айтып, сала қызметкерлеріне зор денсаулық пен кәсіби табыс тіледі.

Салтанатты шара барысында Қазақстан медицина қызметкерлерінің қоғамы ұйымдастырған «Үздік медицина қызметкері – 2026» республикалық байқауының жеңімпазы Толғанай Нұрғалиқызы арнайы марапатталып, оның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері мен кәсіби біліктілігі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, бірқатар медицина қызметкерлеріне аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары табыс етілді.

Жиында сөз алған Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Нұрлан Төреханұлы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ізгі тілегін білдіріп, аудан медицинасының дамуына қосып жүрген үлестері үшін алғыс айтты. Ол медицина мамандарының кәсіби даярлығын арттыру, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту және заманауи талаптарға сай қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Мерекелік жиында кәсіби біліктілігімен және адал еңбегімен ерекшеленген қызметкерлерге Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының Алғыс хаттары мен аудандық орталық аурухананың Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды.

Бүгінде Созақ ауданының денсаулық сақтау саласында 124 дәрігер мен 527 орта буын медицина қызметкері халық денсаулығын қорғау жолында нәтижелі еңбек етуде. Олар аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетіп, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлестерін қосып келеді.

Медицина қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу – қоғамның  денсаулық сақтау саласына деген құрметінің көрінісі. Адам өміріне араша түсіп, тұрғындардың саулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың қызметі әрдайым жоғары бағалауға лайық. Мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетіліп отырған қолдау медицина саласының одан әрі дамуына, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін айқындап, олардың ел саулығы жолындағы жанқиярлық еңбегіне көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *