Кентау қаласы білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептерде білім алушылардың психологиялық саулығын нығайту, қауіп факторларының алдын алу және ерте анықтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – әрбір баланың қауіпсіз білім алу ортасын қалыптастыру, психологиялық әл-ауқатын бақылау және қажет болған жағдайда дер кезінде қолдау көрсету.
Қазіргі таңда Кентау қаласында білім бөліміне қарасты 23 мемлекеттік және 8 жекеменшік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл мектептерде барлығы 20 179 оқушы білім алуда.
Оқушылардың эмоционалдық жағдайын, әлеуметтік бейімделу деңгейін және психологиялық қауіп факторларын анықтау мақсатында 1–11 сынып оқушылары арасында бірқатар психодиагностикалық әдістемелер өткізілді. Атап айтқанда, «Саған қалай қарайды?» экспресс-сауалнамасы, Аарон Темкин Бектің «Үмітсіздік шкаласы», Дэн Олвеустің «Буллинг» сауалнамасы, Л.Б. Шнейдердің «Суицид қаупі картасы», Кимберли Янгтың «Интернетке тәуелділік шкаласы», С. Маддидің «Өміршеңдікті диагностикалау» әдістемесі, Кэрол Риффтің «Жасөспірімнің әл-ауқат шкаласы», Д. Рассел мен М. Фергюсонның «Жалғыздықтың субъективті сезімі», С.Г. Корчагинаның «Жалғыздықты сезіну шкаласы», «Бейімделу кезеңінде бесінші сынып оқушыларының мазасыздығын анықтау» әдістемесі және бастауыш сынып оқушыларына арналған «Ағаштағы адамдар» проективті әдістемесі қолданылды.
Жүргізілген диагностикалық жұмыстардың нәтижесінде 2 743 оқушы тәуекел тобына енгізілді. Оның ішінде 15 оқушы қызыл деңгейде, 2 728 оқушы сары деңгейде анықталды. Ал 17 436 оқушының психологиялық жағдайы жасыл деңгей ретінде бағаланып, олардың жағдайы қалыпты екендігі анықталды.
Сонымен қатар, бақылау парақтары арқылы 2 335 оқушы анықталып, әлеуметтік педагогтардың бақылау тізіміне 98, сынып жетекшілерінің бақылауына 20 оқушы енгізілді. Барлық мәліметтер мектепішілік психологиялық қызмет тарапынан зерделеніп, әрбір оқушы бойынша жеке сүйемелдеу жоспары әзірленді.
Психологиялық диагностика нәтижесінде сары және қызыл деңгейде анықталған білім алушылар мектеп әкімшілігінің, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың, сынып жетекшілерінің және ата-аналардың қатысуымен тұрақты бақылауға алынды. Әрбір оқушының психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, түзету-дамыту, кеңес беру және профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда.
Мамандандырылған медициналық-психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларды дер кезінде қолдау мақсатында «Жасыл дәліз» механизмі тиімді жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда осы механизм арқылы сары деңгейдегі 135 оқушы мен қызыл деңгейдегі 4 оқушы, жалпы 139 оқушы тұрғылықты жері бойынша емханалардың бейінді мамандарына қаралуға ұсынылды.
Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар балалардың психологиялық денсаулығын сақтау, тәуекел факторларын ерте кезеңде анықтау, құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қолайлы психологиялық орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да, білім бөлімінің үйлестіруімен профилактикалық, диагностикалық және түзету жұмыстары тұрақты түрде жалғасып, әрбір білім алушының психологиялық саулығын қамтамасыз етуге басымдық берілетін болады.
