Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Созақ аудандық орталық ауруханасының провизоры Темірәлі Бақытжанұлы Төлепбергеновтің еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапатты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев салтанатты жағдайда табыстап, денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарға алғысын білдірді.
Темірәлі Бақытжанұлы көп жылдан бері фармацевтика және денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп келеді. Өзінің кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және қызметіне деген адалдығымен әріптестері арасында зор құрметке ие болған маманның бұл жетістігі – аудан медицинасының мерейін үстем еткен маңызды оқиға.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселелеріне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде сала мамандарының еңбегі лайықты бағаланып, олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда.
Темірәлі Бақытжанұлының жоғары марапатқа ие болуы – денсаулық сақтау жүйесінде аянбай еңбек етіп жүрген барлық медицина қызметкерлеріне көрсетілген құрметтің айғағы. Бұл марапат оның алдағы қызметіне жаңа серпін беріп, кәсіби жетістіктерінің арта түсуіне жол ашады.
