Сапалы медицинаға қолжетімділік – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жақсарту мәселелері тұрақты бақылауда.

Түркістан облысы құрылған 2018 жылдан бері өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жалпы саны 134 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Атап айтқанда, 2018 жылы 1 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, 2019 жылы 6 емхана, 1 дәрігерлік амбулатория және 1 қосымша ғимарат іске қосылды. 2020 жылы өңірде модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының ашылуы пандемия кезеңінде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

2022 жылы 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 1 облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы ел игілігіне тапсырылды. Ал, 2023 жылы 1 аудандық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория және 13 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

2024 жылы медициналық инфрақұрылымды дамыту қарқыны одан әрі күшейіп, 23 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт және 7 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Бұл нысандардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде орналасып, тұрғындардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін едәуір жақсартты.

Ал, 2025 жылы Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы ашылып, қосымша 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункт пайдалануға берілді. Аталған нысандар балалардың денсаулығын қалпына келтіру, профилактикалық шараларды күшейту және ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсету бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңір тұрғындарын алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамту деңгейі айтарлықтай жақсарды. Әсіресе, шалғай ауылдарда тұратын азаматтардың сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігі кеңейіп, аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және емдеу шараларының тиімділігі артты. Бұл өз кезегінде халық денсаулығын нығайтуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.

Бүгінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, денсаулық сақтау мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 4 жедел жәрдем дислокациясы бар. Аталған нысандардың пайдалануға берілуі медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау саласының әлеуетін нығайтуға және тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Түркістан облысында заманауи медициналық инфрақұрылымды қалыптастыру, сапалы медициналық қызмет көрсету және азаматтардың денсаулығын қорғау ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырыла береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *