Туризм – өңір экономикасының өсіміне серпін беретін, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды салалардың бірі. Осы бағытта, Отырар ауданында тарихи-мәдени мұрамен қатар табиғи туристік әлеуетті тиімді пайдалану жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары Қызылқұм шөлінің табиғи ерекшеліктерін туризммен ұштастыруға басымдық беріліп, экологиялық, этнографиялық және шытырман оқиғалы туризмді дамытуға арналған жаңа жобалар қолға алынуда.
Отырар ауданы Қазақстанның туристік картасында көне өркениет пен тарихи ескерткіштердің мекені ретінде ғана емес, Қызылқұм шөлінің ерекше табиғи ландшафтын сақтап қалған өңір ретінде де танылып келеді. Шексіз құм алқаптары, табиғи тыныштық, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттыруда.
Әлемдік туризм индустриясында соңғы жылдары табиғат аясындағы демалысқа, экологиялық саяхаттарға және ерекше табиғи кеңістіктерді тамашалауға сұраныс айтарлықтай өсті. Осы үрдіске сәйкес, Қызылқұм өңірі де халықаралық туристер назарын өзіне аудара бастады.
Отырар ауданына қарасты Қызылқұм бөлігінде табиғи қалпын сақтаған сексеуіл ормандары, құм төбелері және шөлге бейімделген ерекше жануарлар әлемі кездеседі. Мұндай табиғи байлық өңірде экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Туристер үшін арнайы әзірленген маршруттар арқылы шөл табиғатымен танысуға, оның экологиялық ерекшеліктерін зерделеуге және табиғаттың ерекше тыныс-тіршілігін көруге мүмкіндік бар.
Қызылқұмның тағы бір артықшылығы – табиғи ортасының тазалығы мен жарық ластануының төмендігі. Бұл астротуризмді дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Ашық аспан астында жұлдыздарды бақылау, түнгі табиғаттың тыныштығын сезіну және астрономиялық бақылаулар жүргізу бағытындағы жобалар туристік қызметтердің жаңа түрлерін қалыптастыруға негіз болуда. Әсіресе, табиғат әуесқойлары мен фотографтар үшін мұндай бағыттардың тартымдылығы жоғары.
Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметінше, туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғатты қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады. Әсіресе, сексеуіл алқаптарын сақтау, шөл экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін бұзбау және барлық инвестициялық жобаларда экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау басты міндеттердің бірі болып табылады. Инвесторларға қойылатын негізгі талаптардың қатарында жасыл технологияларды пайдалану, табиғи ортаны ластамау және қоршаған ортаға зиян келтірмеу қағидаттары бар.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында шөлді аймаққа жақын орналасқан елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл шаралар туристер үшін қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, өңірдің табиғи келбетін сақтауға да ықпал етеді.
Жалпы, Қызылқұм өңірінің туристік әлеуетін тиімді пайдалану Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Табиғи байлықты сақтау, экологиялық жауапкершілікті күшейту және заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыру арқылы аудан болашақта Қазақстандағы шөлдік экотуризм мен этнотуризмнің жетекші орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндікке ие.
