Сауран ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы аудан әкімінің орынбасары Б.Букебаевтың төрағалығымен өтті.
Комиссия отырысының негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен қадағалаусыз қалудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіру және олардың тиімділігін арттыру болды.
Жиын барысында балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің атқарып отырған жұмыстары сараланды. Сонымен қатар, профилактикалық шараларды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ғ.Әметбеков және Сауран аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, ювеналды полиция тобы мен учаскелік полиция инспекторлары қызметінің өкілі, полиция капитаны Т.Онбаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Отырыста білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу, киберқауіпсіздік мәселелері, жазғы демалыс кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарастырылды.
Комиссия мүшелері қазіргі таңда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүріп, сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасау – мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналардың, білім беру ұйымдарының және жалпы қоғамның ортақ міндеті екені айтылды.
Жиын барысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар ортаға салынып, нақты міндеттер айқындалды. Комиссия мүшелері балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге немқұрайлы қарамаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, заң талаптарының орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, профилактикалық жұмыстардың ауқымын кеңейту, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру міндеттелді.
Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасау – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне салынған маңызды инвестиция. Осыған орай, Сауран ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
