2026 жылғы 23–27 маусым аралығында Тараз қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде Түркістан облысы, Сауран ауданының Х.А. Яссауи атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5–6 сынып оқушы қыздар командасы жеңіл атлетикадан жүлделі ІІ орынды иеленді.
Бұл жетістік – Мемлекет басшысы айқындаған «Келешек мектептері» бастамасының және «Қазақстан балалары» қағидатының негізгі мақсаты – жан-жақты дамыған, білімді әрі салауатты ұрпақ тәрбиелеу бағытының нақты нәтижелерінің бірі. Ел болашағы саналатын жас өрендердің спорттағы жеңістері олардың қабілетін шыңдап, патриоттық рухын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Команданы жарысқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Эльдар Абдурахманов дайындады. Көмекші жаттықтырушы – Саидмурад Юсупов.
Бұл жеңіс – жас спортшылардың тынымсыз еңбегі мен табандылығының, сондай-ақ ұстаздар мен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта да, Сауран ауданының спортшылары жаңа белестерді бағындырып, аудан мен облыстың абыройын асқақтата береді деген сенім мол.
