САУРАН: ТӘЖІРИБЕ МЕКТЕБІ: ҰСТАЗ ӨМІРІНЕН ТАҒЫЛЫМ

Сауран аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың бойына ұлттық және отбасылық құндылықтарды сіңіру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өмірлік тәжірибесі мол жандардың өнегесін, отбасы институтының маңызын насихаттау мақсатында «Ғибратқа толы ғұмыр» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің құрметті қонағы – саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған ардагер ұстаз, аяулы ана, ардақты әже Мелдеханова Шолпан Көшербайқызы болды. Көп жылдық еңбек жолында талай шәкірт тәрбиелеп, елдің құрметіне бөленген ұстаз жастармен еркін пікір алмасып, өмір жолынан сыр шертті.

Кездесу барысында Шолпан Көшербайқызы өмір жолы, еңбек тәжірибесі, ұстаздық қызметтің жауапкершілігі, отбасы тәрбиесіндегі басты қағидаттар, бала бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыру жолдары және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің мәні туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, жастарға ата-анаға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау, адал еңбек ету, адамгершілік қасиеттерді сақтау, білімге ұмтылу және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасу жөніндегі ойларымен бөлісті.

Жастар өздерін толғандырған әртүрлі сауалдарын қойып, өмірлік тәжірибеге негізделген ұстаздың ақыл-кеңестері мен тағылымды пікірлерін тыңдады. Ашық әрі еркін форматта өткен кездесу қатысушылардың өмірге деген көзқарасын кеңейтіп, ұлттық тәрбиенің, отбасы бірлігі мен адамгершілік құндылықтардың маңызын тереңірек түсініп ұғынуға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында жастар атынан құрметті қонаққа алғыс білдіріліп, жылы лебіз бен ізгі тілектер айтылып, құрмет көрсетілді.

Мұндай тағылымды кездесулер жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған педагог мәртебесін арттыруға және ұстаз еңбегінің қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған Әділетті Қазақстанды қалыптастыру саясатымен үндесіп, ұстаздардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөлін айқындай түседі. Ардагер педагогтердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолын кейінгі буынға насихаттау – білімді, тәрбиелі әрі отаншыл ұрпақ қалыптастырудың маңызды тетігінің бірі болып табылады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *