МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БІЛІМ САЛАСЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖӨНІНДЕГІ ТАПСЫРМАЛАРЫ ТҮРКІСТАНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Ш.Қ. Ақпарова Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің білім беру саласының өкілдерімен кездесті.

Кездесуге облыстық білім басқармасының басшылығы, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, мектеп директорлары, педагогтер мен мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында білім беру жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары, жаңа оқу жылына дайындық және мемлекеттік білім саясаты аясында жүзеге асырылатын басым міндеттер жан-жақты талқыланды.

Вице-министр өз сөзінде бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың сыни ойлау қабілетін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру және еңбек нарығының өзгерістеріне бейім, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу екенін атап өтті.

Жиында 5–9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, 8–9 сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына екі сағат көлемінде қайта енгізу бастамасы таныстырылды. Бұл өзгерістер оқушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтіп, туған өлкенің табиғаты мен географиялық ерекшеліктерін тереңірек меңгеруіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқу мен тәрбиенің бірлігін қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» бастамаларын білім беру ұйымдарында жүйелі жүзеге асыру мәселелері қаралды. Осы бағытта 5–9 сыныптарға «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» курстарын енгізу арқылы оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр.

Кездесу барысында мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау, жекеменшік балабақшаларға әдістемелік қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және білім сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Бұдан бөлек, білім беру үдерісіне жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын сапалы ұйымдастыру, сондай-ақ инклюзивті және арнайы білім беру жүйесін одан әрі дамыту бағыттары жан-жақты сөз болды.

Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар тыңдалды. Ашық форматта өткен пікір алмасуда қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Жиында көтерілген бастамалар өңірдегі білім беру сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға және әрбір баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *