Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және профилактикалық медицинаны дамыту. Бұл бағытта еліміздің денсаулық сақтау саласында жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, олардың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және жүктілік кезеңіндегі қауіптердің алдын алуға басымдық беріліп келеді. Осындай жұмыстардың бірі ретінде медициналық ұйымдар жанындағы денсаулық мектептерінде жүйелі түрде ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Осы мақсатта «Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» денсаулық мектебінде жүкті әйелдерге арналған кезекті түсіндіру сабағы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ аналардың денсаулығын сақтау, жүктіліктің қалыпты өтуіне ықпал ету, қауіпті жағдайлардың алдын алу және ана мен нәресте денсаулығына қатысты жауапкершілікті арттыру.
Сабақ барысында «Жүкті әйелдің жеке гигиенасы» және «Жүктілік кезіндегі қауіпті белгілерді дер кезінде анықтау және олардың алдын алу» тақырыптары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жүктілік кезеңінде жеке бас тазалығын сақтау, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, еңбек және демалыс режимін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу, дәрігердің тұрақты бақылауынан уақытылы өтіп тұрудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, жүктілік кезінде байқалуы мүмкін қан кету, қатты ісіну, қан қысымының жоғарылауы, іштің қатты ауыруы, нәресте қимылының өзгеруі секілді қауіпті белгілерге ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Мұндай белгілер анықталған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну ана мен құрсақтағы нәрестенің өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші рөл атқаратыны түсіндірілді.
Түсіндіру жұмыстарын жауапты мамандар Г. Аринбек, Ж. Келдияр және Ш. Тукебаева жүргізді. Олар қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, жүктілік кезінде туындайтын түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдары бойынша практикалық кеңестер ұсынды. Ашық форматта өткен кездесу болашақ аналардың өздерін толғандырған мәселелерді еркін талқылауына мүмкіндік берді.
Мұндай профилактикалық сабақтар әйелдердің медициналық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қауіп факторларын ерте анықтауға, жүктіліктің асқынуын азайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ана мен бала өлімін төмендетуге, халық денсаулығын нығайтуға және демографиялық өсімді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің жүзеге асуына үлес қосады.
Ана денсаулығы – әрбір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның әл-ауқатының көрсеткіші. Сондықтан, болашақ аналарды жан-жақты қолдау, олардың денсаулығын сақтау және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, дені сау ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі бола береді.
