Халықтың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде елімізде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, аурулардың алдын алу, психологиялық қолдау мәдениетін қалыптастыру және қауіпті мінез-құлық факторларының алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар азаматтардың психологиялық саулығын нығайтуға, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы мақсатта, Созақ аудандық орталық ауруханасында «Қауіпті мінез-құлық факторлары» денсаулық мектебі аясында кезекті ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты тақырыбы «Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу. Көңіл күй күйзелістерінің алдын алу» болды.
Кездесу барысында жауапты мамандар Б. Тұрғанбай, А. Керімбай және Д. Құрманбаева аутодеструктивті мінез-құлықтың пайда болу себептері, оған әсер ететін психологиялық және әлеуметтік факторлар, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау, сондай-ақ оның алдын алу тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, мамандар күйзеліс жағдайында эмоционалдық тұрақтылықты сақтау, жағымсыз ойлармен күресу, өзін-өзі қолдау дағдыларын қалыптастыру және қиын өмірлік жағдайларда кәсіби психологиялық көмектің маңыздылығы туралы кеңінен әңгімеледі. Қатысушыларға психикалық денсаулыққа әсер ететін негізгі қауіп факторлары, отбасы мүшелері мен жақын адамдардың қолдауының рөлі, өзара сенім мен ашық қарым-қатынастың маңызы түсіндірілді.
Іс-шара барысында психологиялық қиындықтарды дер кезінде байқап, мамандардың көмегіне жүгіну көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сондай-ақ тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс демалыс режимін сақтау, дене белсенділігімен айналысу, күйзелісті басқару тәсілдерін меңгеру және әлеуметтік белсенділікті арттыру психикалық саулықты нығайтудың маңызды факторлары екені жеткізілді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындардың психикалық денсаулық мәселелеріне деген жауапкершілігін арттырумен қатар, қоғамда өзара жанашырлық, қамқорлық және қолдау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, жастар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, өмірлік құндылықтарды дәріптеу және психологиялық тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Созақ аудандық орталық ауруханасында ұйымдастырылатын денсаулық мектептерінің жұмысы халықтың денсаулық сауаттылығын арттыруға, профилактикалық шаралардың тиімділігін күшейтуге және тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да осы бағыттағы ағарту іс-шаралары жалғасын тауып, халық арасында психикалық денсаулықты қорғау, қауіп факторларының алдын алу және өмір сапасын жақсарту жөніндегі түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Психологиялық саулық – әрбір азаматтың аман-саулығы мен қоғамның тұрақты дамуының маңызды кепілі. Сондықтан, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жақындарының көңіл күйіне бейжай қарамау және қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне уақытылы жүгіну – қауіпсіз әрі сапалы өмірдің басты шарттарының бірі.

