СОЗАҚ: КОНГО-ҚЫРЫМ ҚАНДЫ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Халықтың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – денсаулық сақтау саласының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, табиғи ошақты аса қауіпті инфекциялардың алдын алу, оларды ерте анықтау және таралуына жол бермеу мақсатында медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, профилактикалық жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Осыған орай, Созақ аудандық орталық ауруханасында Созақ аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарының қатысуымен медицина қызметкерлеріне арналған «Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің Конго-Қырым қанды қызбасы жөніндегі білім деңгейін арттыру, аурудың алдын алу бойынша қабылданатын шараларды жетілдіру және эпидемиологиялық жағдай туындаған кезде жедел әрі тиімді әрекет ету дағдыларын нығайту.

Семинар барысында мамандар Конго-Қырым қанды қызбасының эпидемиологиялық ерекшеліктері, инфекцияның жұғу жолдары, алғашқы клиникалық белгілері, инкубациялық кезеңі, диагноз қою тәртібі және медициналық көмек көрсету алгоритмдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, кене шаққан жағдайда алғашқы іс-қимыл тәртібі, науқасты дер кезінде анықтау, оқшаулау және қажетті емдеу шараларын ұйымдастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында инфекцияның таралуына жол бермеуде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау, медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау қағидаларын орындау, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалану және қауіпсіз еңбек талаптарын сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу, халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және күдікті жағдайлар анықталған кезде жедел хабарлау тәртібі бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Мамандар көктемгі-жазғы маусымда кене белсенділігінің артуына байланысты мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтардың, табиғат аясында демалушылардың және ауылдық елді мекен тұрғындарының сақтық шараларын қатаң ұстануы маңызды екенін атап өтті. Аурудың алдын алуда жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау, кенеден қорғану құралдарын пайдалану және кене шаққан жағдайда уақыт оздырмай медициналық ұйымға жүгіну инфекцияның таралу қаупін азайтудың тиімді жолы болып табылады.

Жиын соңында қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріліп, эпидемиологиялық қырағылықты арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты жалғастырудың маңыздылығы айтылды.

Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу – медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін маңызды міндет. Сондықтан, медицина ұйымдары мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің өзара үйлесімді жұмысы, тұрғындардың санитариялық сауаттылығын арттыру және алдын алу шараларын үздіксіз жүргізу өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақты сақтауға, халық денсаулығын қорғауға және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге негіз болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *